Тауық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Әтеш пен тауық

Тауықтартауықтәрізділер отрядына жататын құс, ауыл шаруашылық құстарының неғұрлым кең тараған түрі. Еті мен жұмыртқасын, қауырсыны мен мамығын алу үшін өсіріледі. Саңғырығы тыңайтқыш ретінде қолданылады. Олардың барлық тұқымдарының арғы тегі – бұдан 5 мың жыл бұрын Үндістанда қолға үйретілген жабайы банкив тауығы. Төбесінде теріден тұратын айдары, құлақ сырғалықтары, қоразының аяғында сырғалығы мен сүйір тепкісі болады. Қауырсындарының түсі әр түрлі. Көпшілік тұқымдарының артқы жіліншігі мен тұмсығы сары кейде қызғылт, қара болады. Тауықтардың денелері тығыз, табандары үнемі жер бетінде жүретіндіктен мықты, төрт саусақты, тырнақтары қатты жерлерді де қазуға бейімделген. Қаңқасы дала құстарымен салыстырғанда ауырлау. Қанаттары қысқа, ұша алмайтындықтан оларды өте сирек пайдаланады. Жұмыртқа салатын, балапандарын басып шығаратын қолайлы жерді өздері таңдап алады.

Балапан

Өнімділік бағытына қарай ет, ет-жұмыртқа, жұмыртқа бағытындағы тауықтар деп бөлінеді, сонымен қатар өндірістік мәні жоқ көркемдік және жауынгер тауықтар да өсіріледі. Жұмыртқалағыш тұқымы онша ірі емес, мекиені 1,7 – 2,2, қоразы 2,5 – 3 кг; етті-жұмыртқалағыш тұқымы сәйкесінше 2,3 – 2,8 және 3,4 – 3,8; етті тұқымы 3 – 3,5 және 3,8 – 4,5 кг салмақ тартады. Етті тұқымының балапандары (бройлер) тез өседі, олардың жұмыртқаны жарып шыққандағы салмағы 38 – 41 г. болса, 7 – 8 аптада 1,5 – 1,8 кг салмақ қосады. Тауықтар жыныстық жағынан ерте жетіледі (5 – 6 айда). Жұмыртқалағыш тұқымы басқа тұқымдарына қарағанда тез өседі. Жұмыртқалағыш тауықтар жылына орта есеппен 220 – 250 дана, ал етті тұқымдылары 110 – 220 дана жұмыртқа береді. Жыл сайын жұмыртқалау мерзімінің соңына қарай тауықтар түлей бастайды, ол өнімділік бағытына және күтіп-баптау жағдайына байланысты 2 – 3 аптадан 2 айға дейін созылуы мүмкін. Түлеу кезінде жұмыртқа салмайды. Жұмыртқалау мерзімінің басында жұмыртқаның салмағы 40 – 50 г, ал соңына қарай 57 – 65 г-ға дейін көтеріледі. 10 жылға дейін жұмыртқалай алады, екінші жылы ең көп жұмыртқа береді, содан кейін жылдан жылға жұмыртқа саны кемиді. Тауықтар өсіретін шаруашылықтарда өнімі мол тұқымдық тауықтарды 2 – 3 жыл ұстайды. Тұқымдық тауық үйірінің 55 – 60%-ы жас, 30 – 35%-ы – 2 жастағы, 10%-ы 3 жастағы тауықтар болады. 8 – 12 тауыққа 1 қораз ұсталады. Тағамдық жұмыртқа алуда қораз ұстамаса да болады. Тауықтарды қолда өсіргенде қораны кең, жарық, су өтпейтін, жылы жерге салады. Ішінде тауықтарды азықтандыратын науалар, суаратын астаулар, жұмыртқалайтын ұялар болады, оларды жуып, дезинфекциялап отырады. Қыста қалың төсеніш үстінде ұстайды. Тауықтар қорасының алдына үлкендеу ашық алаң қоршалады. Сонымен қатар тауықтарды құс фабрикаларында, арнайы шаруашылықтарда өсіреді (қ. Құс өсіру). Тауықтарды азықтандыру ерекшеліктері тұқымына, өнімділік бағытына байланысты. Жемі – арнайы дайындалған құрама жем.

Әсемдік, жауынгер тауықтарды әуесқой құс өсірушілер әсем қауырсыны немесе дене құрылысы үшін, түрлі мақсаттар үшін (төбелестіру, т.б.) өсіреді. Әсемдік тауықтар өте кішкентай, ергежейлі, қауырсыны бұйра, жібектей жылтыр болады.[1]

Қан айналымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құстардың қан айналымы қосмекенділер мен жорғалаушылардан күрделі. Жүрегі төрт бөліктен: екі құлақша және екі қарыншадан құралып, оң және сол жақ жартыларға бөлінеді. Жүректегі салатамыр және көктамыр қаны бірімен-бірі араласпайтындықтан, бүкіл ағзаға тек оттегіне қаныққан қан таралады.

Құстың денесіндегі қан екі шеңбер бойынша айналады, олар үлкен және кіші қанайналым шеңбері деп аталады. Жүректің сол жақ қарыншасынан шыққан салатамырдағы қан бүкіл денені аралап, денедегі жасушаларға оттегін береді, көмірқышқыл газға қанығып, оң жақ құлақшаға оралады. Бұл - үлкен қанайналым шеңбері. Оң жақ құлақшадағы көктамыр қаны оң жақ қарыншаға өтіп, өкпеге барады, құрамындағы көмірқышқыл газды өкпеде қалдырып, өкпедегі оттегімен қаныққан соң сол жақ құдақшаға құяды. Бұл - кіші қанайналым шеңбері. Құстың жүрегі қуатты жұмыс істейтіндіктен, қан тамырларды бойлай шапшаң ағып, ағзаға қажетті мөлшерде оттегі мен қорек жеткізеді. Сондықтан құс денесіндегі температура тұрақты (40-45 градус) болады.

Зәр шығаруы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құстардың зәршығару мүшесі - жамбас қуысында орналасқан қызыл түсті екі бүйрек. Құста қуық болмайды, бүйректен тараған екі несепағардың өзекшесі тікелей клоакаға ашылады.[2]

Қызықты фактілер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Бір тауық жылына 250-300 жұмыртқа әкеледі.
  • Жыл сайын бүкіл әлемде 51 миллиард тауық жасанды түрде өсіріліп, өмірінің 42 күні өлтіріледі. Әр секундт сайын шамамен 1900 құс сойылады. Ал, үй жағдайында өсірілетін тауықтардың орташа өмір сүру жасы – 10 жыл.
  • Тауықтың басқа құстардан айырмашылығы, ол ұша алмайды. Ғалымдардың айтуынша, мыңдаған жылдар бұрын, олар мұндай қасиетке ие болған, бірақ біраз уақыттан соң, бұл қабілетін жоғалтып алды. Дегенмен, кейбір тауықтар ұша алады, бірақ қысқа қашықтыққа (10 метр).
  • Бұл үй жануарларының жалпы саны адамдардан көп – 25 миллиард.
  • Оның еті кальций, калий, магний, темір, фосфор және В дәрумендеріне өте бай, жүрек және қан ауруларынан зардап шегетін адамдар үшін пайдалы.
  • Жыл сайын шамамен 567 миллиард тауық жұмыртқасы тұтынылады.
  • Олардың 30-дан астам түрлі дыбыстан тұратын ерекше тілі бар.
  • Тауықтар 100-ден астам адамның ерекшелігін есте сақтай алады. Осылайша, өздеріне жамандық жасаған адамды бірден таниды.
  • Есіңізде болсын! Жаңа піскен жұмыртқаны суға салсаңыз, ол батып кетеді, ал ескіргені судың бетінде қалқып тұрады.
  • Сенуге қиын, бірақ бұл құстар – жер бетінде өмір сүрген ең ірі жыртықштардың бірі, тираннозаврдың ұрпақтары.
  • Олар қараңғы жерде жұмыртқа салмайды. Жұмыртқалау уақыты келіп тұрса да, таң атқанын күтеді.
  • Бұл үй жануары – Франция елінің ұлттық символы болып саналады.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Қ.Қайым, Б.Муханов, Р.Сәтімбекұлы, М.Шаймарданқызы, "Жануартану" (1998), 188 бет, ISBN 5-625-03599-7
  3. Тауық туралы мәлімет