Люксембургтіктер
Люксембургтіктер (өз атауы — летцебургер) — Люксембург мемлекетінің негізгі тұрғындары. Біраз бөлігі Италия, Германия мен Францияға таралған. Жалпы саны — 430 мың, оның 300 мың адам Люксембургтің өзінде тұрады. Үлкен еуропеидтік нәсілдің орта еуропеид тармағына жатады. Люксембургтіктер үнді-еуропа тіл шоғырының герман тобындағы люксембург тілінде сөйлейді. Люксембургтіктердің арасында неміс және француз тілдері де тараған. Басым көпшілігі — христиан дінінің католиктік, протестанттық тармағын ұстанады. Б.з.б. 1-мыңжылдықта қазіргі Люксембург аумағын кельт тайпалары мекендеді. Олар Рим империясының үстемдігі кезінде (1 — 4 ғ.) роман (латын) тілінің ықпалына ұшырады. 5 ғасырда герман тайпалары — франктер баса-көктеп кіріп, жергілікті халықпен араласып кетті. Люксембургтіктердің этностық жағынан бірігуі нәтижесінде Люксембург графтығы (10 ғасыр, 14 ғасырдан бастап — герцогтік) пайда болды. Люксембургтіктер орта ғасырларда немістердің, 15 ғасырдан бастап француздардың ықпалында болды. Соған қарамастан Люксембургтіктер өздерін ұлт ретінде сақтап қалды. Өнеркәсіптің жоғарғы дәрежеде дамуы жағдайында. Люксембургтіктер мал бағу, бау-бақша, жүзім өсірумен айналысады. Көне қалалар (Люксембург, т.б.) ортағасырлық жобамен салынған. Ауылдық жерлердегі үйлері тастан екі қабат етіп салынып, төбелері жабынқышпен немесе шифермен жабылған. Жердің көпшілігін жүзімдіктер алып жатқан Мозель жазығындағы ауылдар өзен бойын бойлай орналасқан.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Қазақ энциклопедиясы
- Народы мира. Историко-этнографический справочник, М., 1988.
- Страны мира, полный универсальный информационный справочник, М., 2004.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |