Қояншық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Қояншық (эпилепсия) — (грек. epіlambano – шап беріп ұстаймын, шабуыл жасаймын), қояншық – жиі кездесетін ұстамалы аурулардың бір түрі.


Эпилепсияны белгілеріне қарай ұзақ уақыт идиопат. (генуинді) және симптомат. деп бөлген. Эпилепсия туралы алғашқы деректер Гиппократ еңбектерінде “қасиетті ауру” деген атпен, әр түрлі себептермен туындайтын бас миының ауруы ретінде айтылған. Әбу Әли ибн Сина ұстамалы аурудың клиник. көріністері мен емін толық сипаттап жазған. Эпилепсия белгілі бір мерзімде қайталанып, науқас есінен танады, кейде тұнжырап, мінезі өзгеріп, ой-қабілеті төмендейді. Эпилепсия ауруының себебі әлі толық анықталмаған. Көбінесе, сәби құрсақта жатқанда не туылғаннан кейін миында ісік болуынан, ми шайқалғаннан немесе қабынуынан, мидың әр түрлі ауруларынан (менингит, арахноидит, арахноэнцефалит), т.б. жағдайлардан болады. Сондай-ақ әке-шешесі маскүнем болса, олардың балаларының да Эпилепсияға шалдығуы мүмкін. Кейде бұл ауру тұқым қуалайды. Эпилепсия 10 – 15 жастағы балаларда байқалады. Ауру ұстар алдында адамның басы ауырып, мең-зең болады, қолы дірілдеп, көзі қарауытады, бір жерді шыр айналып, айқайлап, есінен танып құлайды. Аузынан көбігі ағады, басын соғып, тілін шайнайды. Денесі сіресіп, көгеріп қатып қалады да, бірнеше секундтан кейін басын соққылап, селкілдей бастайды. Бұдан кейін науқас адам біразға дейін есін жия алмай, ұйықтап кетеді. Оянғанда не істеп, не қойғанын білмейді. Кейде ауру жеңіл ұстап, селкілдемей-ақ есінен танып құлайды, ұстама тез басылады. Эпилепсияның қайталап ұстауы көбіне ешбір себепсіз болады. Кейде қорыққанда, бір нәрсеге ашуланғанда, шаршағанда жиілеуі мүмкін. Эпилепсияның ұзақ уақыт ұстайтын түрі де болады. Мұндай кезде науқас адам селкілдеп құламайды. Бірақ псих. әрекеті өзгеріп, мінез-құлқы бұзылады. Науқас тұнжырап, айналасында болып жатқан жағдайға көңіл бөлмей, өзіне қойылған сұраққа жауап бермейді. Оның көз алдына әр түрлі зат елестейді, дыбыс естіледі, әр жерден бірдеңе іздеп әуреге түседі. Қасындағы адамға ретсіз тиісіп, ұрысады, үйден шығып кетуі де мүмкін. Кейде өзін-өзі жұлып, бетін тырнайды, қолына түскен затты сындырады, айқайлап, жылап, қатты күйзеледі. Ұстама біткеннен кейін осы істегендерінің біреуін де есіне ала алмайды. Эпилепсия асқынған сайын жиі ұстап, науқас адамның мінезі, жүріс-тұрысы, ой-өрісі өзгеріп, ойын дұрыстап жеткізе алмайтын болады. Ұмытшақ болып, сәл нәрсеге ренжіп қалады. Өзін ренжіткен адамға өшігіп, ол адамды ешқашан ұмытпайды.

Емі аурудың түрі, себебі және ағымына қарай тағайындалады. Аурудың белгісі білінісімен емдеуді ерте бастаған тиімді болады. Ең алдымен Эпилепсияға не себеп болғанын анықтап алады. Ауру ұстаған кезде оны тарқататын препараттармен қатар, науқасқа организмін әлдендіріп, иммунитетін көтеретін дәрі-дәрмек беріледі. Ауру адамға дұрыс тамақтану, мезгілімен ұйықтау, диета сақтау, отбасындағы және еңбек ұжымдағы жағымды жайлардың маңызы зор. [1][2] Олардың көпшілігін дәрі-дәрмектермен емдеуге болады.[3] Алайда науқастанғандардың шамамен бестен бір бөлігіне дәрі-дәрмек көмектеспейді. Эпилепсияға қарсы препараттар сондай-ақ кейбір пациенттерде шаршау, есте сақтау мәселелері, ашуланшақтық немесе қолдың дірілдеуін тудырады.[4] Кейде каннабиноидтар негізіндегі тырыспаға қарсы препаратар, әсіресе, Леннокс-Гасто синдромы және Драве синдромы бар пациенттер үшін ұсынылуы мүмкін,[5][6] алайда мұндай препараттардың лицензиясы бірнеше елдің аумағында қатаң шектелген. Сондай-ақ, эпилепсияға қарсы дәрі-дәрмектер инфаркт пен Альцгеймер ауруы немесе деменцияның басқа түрлерінің даму қаупін арттыратыны анықталды.[7] Эпилепсияға қарсы препараттарды ұзақ уақыт қолдану гормондық функцияға, дәнекер тінге және сүйектерге байланысты проблемаларды тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, леветирацетам, тиагабин, топирамат және вигабатрин сияқты препараттар өз-өзіне қол жұмсау немесе суицидтік ойлар қаупін үш есе арттыратыны анықталды.[8]


Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
  2. Халыққа медициналық жәрдем көрсету жөніндегі (Анықтамалық). Қазақ тіліне аударғандар: Айымбетов М, Бермаханов А.—Алматы: "Демалыс", "Қазақстан", 1994— 506 бет. ISBN 5-615-01453-9
  3. Epilepsy - Treatment - NHS. nhs.uk. Тексерілді, 19 мамыр 2023.
  4. Overview of Drugs Used For Epilepsy and Seizures. ncbi.nlm.nih.gov. Тексерілді, 19 мамыр 2023.
  5. Cannabidiol for Treating Lennox-Gastaut Syndrome and Dravet Syndrome in Korea. ncbi.nlm.nih.gov. Тексерілді, 19 мамыр 2023.
  6. Epilepsy: what helps fight the disease. amsterdammarijuanaseeds.com. Тексерілді, 19 мамыр 2023.
  7. What is the link between seizures and dementia?. alzheimers.org.uk. Тексерілді, 19 мамыр 2023.
  8. Only some epilepsy drugs may raise suicide risk. reuters.com. Тексерілді, 19 мамыр 2023.
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Epilepsy