Түкті құрттар
Түкті құрттар (лат. Nematomorpha) [1]– жұмыр құрттардың бір класы. Жер шарында кең тараған, тұщы сулар мен теңіздерде тіршілік ететін 5 отряды, 300-ге жуық түрі белгілі.
Денесі өте жіңішке, цилиндр тәрізді, ұзындығы бірнеше см-ден 1,5 м-ге дейін, жуандығы 0,5 – 2 мм-ге жетеді. Денесінің сыртын түк жапқан. Ас қорыту жүйесі ұзына бойы созылған тік түтік тәрізді, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады. Қылқұрттықтарға жататын организмдердің денесі әрі ұзын, әрі жіңішке, сырты тығыз кутикуламен қапталған болады. Кутикуланың астында — эпителий, ал оның астында — ұзын боршасы жатады. Қылқұрттықтардың 100-ге тарта түрі бар. Ересектері суда, личинкалары балық немесе судағы насекомдардың ішкі мүшелерінде тіршілік етеді.
Көпшілік түрінде алдыңғы ішегі редукцияға ұшыраған. Зәр шығару, тыныс алу, қан айналу жүйесі болмайды. Жүйке жүйесі тері эпителийінде орналасып, жұтқыншақ айналасындағы жүйке сақинасынан және құрсақ жүйке бағанасынан тұрады. Сезім мүшелері нашар дамыған. Дара жынысты. Жыныс бездері жұп денесінің алдыңғы жағынан басталып, жыныс жолдарына жалғасады да, клоакаға ашылады. Дамуы метаморфоз жолымен жүреді. Жыныстық жағынан жетілген аналықтары ұрықтанып, жіп тәрізді млн-ға жуық жұмыртқаларын салғаннан кейін өліп қалады. Жұмыртқадан шыққан дернәсілдің (ұзындығы 0,1 – 0,4 мм) денесі ақ түсті, сырты кутикуламен қапталған, қылтанақты қозғалмалы тұмсығы болады. Олар біраз уақыт суда не ылғалды жерде тіршілік етіп, кейін қылтанақты тұмсығы арқылы аралық иесінің (хирономид дернәсілі, біркүндіктер, т.б.) терісін тесіп, дене қуысына енеді. Олар әрі қарай даму үшін негізгі иесі жәндіктердің денесіне өтеді. Өсіп, үлкейгеннен кейін, иесінің денесінен шығып, суға түседі. Суда ересек түрге айналады. Түкті құрттардың толық даму циклі – бір жылдай. Жәндіктер мен шаянтәрізділердің дене қуысында паразитті тіршілік етеді.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |