Джейн Кэмпион
Джейн Кэмпион | |
ағылш. Elizabeth Jane Campion | |
Джейн Кэмпион (2016) | |
Жалпы мағлұмат | |
---|---|
Туған кездегі есімі |
Элизабет Джейн Кэ́мпион |
Туған күні | |
Туған жері | |
Азаматтығы | |
Мамандығы | |
Белсенді жылдары |
1982 — қазіргі уақытқа шейін |
Марапаттары |
«Оскар» (1994, 2012) |
IMDb | |
Джейн Кэмпион (ағылш. Elizabeth Jane Campion; 30 сәуір 1954; Жаңа Зеландия, Веллингтон) — Жаңа Зеландиялық кинорежиссёр, сценарист және жазушы. Кэмпионның танымал болуына «Пианино» драмасы жол ашты. Бұл фильм үшін «Канн фестивалінің» «Алтын пальма бұтағы» мен үздік сценарий номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығы табысталды.
Жастық шағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Джейн Кэмпион Жаңа Зеландияда, Веллингтонда дүниеге келді. Ол актриса және жазушы Эдит Кэмпион мен театр және опера режиссері Ричард Кэмпионның[1][2][3] отбасының екінші баласы. Анасының арғы атасы Роберт Ханна аяқ киім фабрикасының иесі және Жаңа Зеландияның тарихи жәдігері әрі архитектура ескерткіші саналатын «Антрим Хаустың» алғашқы қожайыны болған. Әкесінің отбасы ағайынды Плимуттар діни тобынының қатарында болған. Джейн, оның әпкесі Анна мен інісі Майкл балалық шағын Жаңа Зеландия театры маңында өткізген. Джейннің әкесі мен анасы «Жаңа Зеландия әртістері»[4] деп аталатын театр труппасын ашқан. Джейн тағдырын театр мен кино өнерімен байланыстырамын деп еш ойламаған; Ол 1975 жылы Веллингтондағы Виктория патшайымның университетін бітіріп, антропология ғылымының бакалавр дәрежесін алып шықты.
Джейн Кэмпион 1976 жылы Лондондағы «Chelsea Art School»-ға барып, Еуропа бойынша саяхат жасады. 1981 жылы Сидней университетінің Сидней колледжінде көркем сурет мамандығын тәмамдады. Оның көркем туындыларына сюрреалист суретші Фрида Кало мен мүсінші Йозеф Бойстың шығармашылығы ерекше әсер еткен. Алайда кейінірек Кэмпион бұл өнер түрінде шектеулер көп деп, көркем өнерден көңілі қалып, кинематографияға бет бұрды. 1980 жылы «Баршын» («Парча») деп аталатын бірінші қысқаметражды фильмін жазды. 1981 жылы Аустралия кино, телевизия және радио мектебіне түсіп, 1984 жылы оқуын тәмамдады. Оқып жүрген сәтінде тағы бірнеше қысқаметражды фильм жазды.[5]
Мансабы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Кэмпионның «Қабық: Тәртіпке арналған жаттығу» (1982) қысқаметраж фильмі 1986 жылы өткен Канн фестивалінде[6] «Қысқаметраж фильмі үшін алтын пальма бұтағы» жүлдесін алды; оның басқа да «Құмарсыз сәттер» (1983), «Қыздың оқиғасы» (1984) и «Бірнеше сағаттан соң» (1984) қысқаметраж фильмдері 1986 жылы өткен Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» конкурстық бағдарламасына енгізілді. Джейн Кэмпион Аустралия кино, телевизия және радио мектебін бітіргеннен кейін, ABC арнасына шыққан аустралиялық Dancing Daze (1986) ойын-сауық сериалындағы бір бөлімінде режиссер болды. Одан кейін Ян Чапман продюсерлік еткен «Екі дос» (1986) телефильмін түсірді.
«Қымбаттым» (1989) фильмі Кэмпионның толықметраж кино әлеміндегі режиссерлық дебюты болды. 1989 жылы Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағы» сыйына ұсынылды, десе де Стивен Содербергтің «Секс, өтірік және видео» фильмінен жеңілді. Кэмпион режиссурадағы жетістігін Дженет Фрейм есімді жаңазеландиялық жазушының биографиялық және психологиялық портреті сипатталатын «Үстелімдегі періште» (1990) атты фильммен бекітті. Бұл жұмысы үшін 47-Венеция кинофестивалінде] «Күміс арыстан» деп аталатын ерекше сый жеңіп алды. Кемпион «Пианино» (1993) фильмінен кейін халықаралық деңгейде таныла бастады. Бұл фильм 1993 жылы Канн фестиваліндегі басты сый — «Алтын пальма бұтағын»[7] жеңіп алды. Сондай-ақ «Пианино» 1993 жылы үздік режиссура үшін Аустралия кинематография және телевизия академиясының сыйлығын және үздік сценарий үшін 1994 жылы 66-рет өткізілген «Оскар» жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар, Джейн Кэмпион үздік режиссура үшін «Оскар» сыйлығына ұсынылған тарихтағы екінші әйел. Алайда Стивен Спилбергтің «Шиндлердің тізімі» фильмі басып озды.
Джейн Кэмпионның келесі режиссерлық жұмыстары тақырыбы мен жанры бойынша әр алуан еді. «Ханым портреті» (1996) фильмі америкалық жазушы Генри Джеймстің осы аттас романына негізделген; басты рөлдерде Николь Кидман, Джон Малкович, Барбара Херши және Мартин Донован сынды жұлдыздар ойнаған. Кэмпион «Қасиетті түтін» (1999) деп аталатын фильміне басты рөлдегі ер адамды сомдауға «Пианино» фильміне түскен Харви Кейтелді шақырды; ал басты рөлдегі әйел кейіпкер етіп Кейт Уинслет таңдалды. Кэмпионный келесі жұмысы «Құштарлықтың күңгірт тұсы» (2003) деп аталатын эротикалық триллер. Ондағы басты рөлді сомдаған Мэг Райанға әдеттегі амплуаны өзгертуге мүмкіндік берілді. «Жарық жұлдыз» (2009) фильмі — ағылшын ақыны Джон Китс (Бен Уишоу) пен оның сүйіктісі Ванни Браун (Эбби Корниш) екеуінің шытырман қарым-қатынасы туралы айтылатын биографиялық драма. Ол 2009 жылы өткен Канн фестивалінің конкурстық бағдарламасында көрсетілді.
1999 жылы Кэмпион аустралиялық «Балғын жеміс» драмасында продюсер болды; ал 2006 жылы «Ұрлау: Мегуми Ёкотаның оқиғасы» атты документал фильмнің атқарушы продюсері болды. Кэмпион «Жалғыз» (2012) және «Отбасы бақыты» (2016) деп аталатын қысқаметраж фильмдерде продюсерлік етті. Режиссер Анахита Хазвинизаденің «Олар» (2017) деген фильмінде де Кэмпион продюсерлік еткен.
Кэмпион 2013 жылы халықаралық дәрежеде танылған[8][9], жағымды пікір жинаған «Көл беткейі»[10] сериалының авторы да, сценаристі де, режиссер және продюсері де болды. Ал фильмде бас рөлді сомдаған америкалық актриса Элизабет Мосс 2014 жылы мини-сериал не телефильмдегі үздік әйел рөлі үшін «Алтын глобус» жүлдесін жеңіп алды[11]. Элизабет 2013 жылы фильм не мини-сериалдағы үздік әйел рөлі үшін «Телевизия сыншыларының таңдауы» деген сый ұтып алды. Сондай-ақ 2013 жылы Элизабет Мосс мини-сериал не фильмдегі үздік әйел рөлі үшін «Эмми» жүлдесіне ұсынылды. Бірақ «„Р“ деген қорқынышты әріп» деп аталатын фильмге түскен Лора Линниден жеңілді. Джейн Кэмпионның өзі де 2013 жылы «Мини-сериал, фильм немесе драма бағдарламасындағы ұздік режиссура» категориясы бойынша «Эмми» жүлдесіне ұсынылды[12]. Алайда жеңіске Стивен Содербергтің «Шырағданның артында» телефильмі жетті.
Джейн Кэмпион 2013 жылы Cinefondation студентер картинасы бағдарламасының және 66-Канн кинофестивалінде қысқаметраж бағдарламаларда қазылар алқасының төрайымы атанды[13]. Келесі жылы 67-Канн фестивалінде қазылар алқасын басқарды[14]. 2014 жылы өткен Канн кинофестивалінде жүлделі болған канадалық режиссер Ксавье Долан өз сөзінде «Пианино» фильмі режиссер атануына айтарлықтай әсер еткенін айтты. «Пианино» фильмі оның мықты, қайсар және жігерлі әйел рөлдерін ойлап табуына, әйелдерді ешқашан құрбан не объект ретінде көрсетпеуіне түрткі болған. Осы сөзінен кейін Кэмпион орнынан тұрып, Доланның жанына барып, оны құшақтады.[15][16]
2014 жылы Кэмпион Рейчел Кушнердің «The Flamethrowers»[17][18] романы негізінде фильмінің түсірілімі туралы келіссөзі таяп қалды деген қауесет тарады. Алайда келіссөздер соңына дейін жетпеді.
2015 жылы Джэйн Кэмпион «Көл беткейі» сериалының екінші маусымында режиссер және сценарист болатынын растады. Фильм Сиднейде түсірілді, ал Элизабет Мосс детектив Робин Гриффинді сомдауға қайта оралды.[19] «Көл беткейі» сериалының екінші маусымының толық премьерасы 2017 жылы мамырда Канн кинофестивалінде өтті[20]. Ұлыбританияда 2-маусымның премьерасы BBC Two арнасында 2017 жылдың 27 шілдесінде өтті. Сондай-ақ маусым толығымен BBC iPlayer сервисіне салынды.[21] 2017 жылдың қыркүйегінде «Көл беткейінің» 2-маусымы АҚШ-та Sundance арнасында көрсетілді[22]. Одан бөлек теледидарда көрсетілген әрбір бөлім келесі күні Hulu[23] сервисіне шығып отырды.
Жеке өмірі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1992 жылы Джейн Кэмпион «Пианино» фильмінің түсірілімінде режиссердің көмекшісі болған Колин Дэвид Энглертке[24] үйленді. 1993 жылы олардың тұңғыш ұлы Джаспер дүниеге келді. Алайда ол 12 күн ғана өмір сүрді[25]. 1994 жылы олардың қызы, кейін актриса атанған Элис Энглерт дүниеге келді. Джейн Кэмпион мен Колин Дэвид Энглерт 2001 жылы ажырасты[26].
Фильмография
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жыл | Атауы | Түпнұсқа атауы | Кімнің рөлінде | Сипаттама | ||
---|---|---|---|---|---|---|
режиссер | сценарист | продюсер | ||||
1980 | Баршын | Tissues | Иә | Иә | Қысқаметраж фильм | |
1981 | Азғыру мен жаулап алудың шырмауы | Mishaps of Seduction and Conquest | Иә | Иә | Қысқаметраж фильм | |
1982 | Қабық: Тәртіпке арналған жаттығу | Peel: An Exercise in Discipline | Иә | Иә | Қысқаметраж фильм | |
1983 | Құмарсыз сәттер | Passionless Moments | Иә | Иә | Иә | Қысқаметраж фильм |
1984 | Қыздың оқиғасы | A Girl’s Own Story | Иә | Иә | Қысқаметраж фильм | |
Бірнеше сағаттан соң | After Hours | Иә | Иә | Қысқаметраж фильм | ||
1986 | Ғажап би | Dancing Daze | Иә | Сериал бөлімі | ||
Екі дос | Two Friends | Иә | Телефильм | |||
1989 | Қымбаттым | Sweetie | Иә | Иә | Дебют толықметраж фильм | |
1990 | Үстелімдегі періште | An Angel at My Table | Иә | Толықметраж фильм | ||
1993 | Пианино | The Piano | Иә | Иә | Толықметраж фильм | |
1996 | Ханым портреті | The Portrait of a Lady | Иә | Толықметраж фильм | ||
1999 | Қасиетті түтін | Holy Smoke! | Иә | Иә | Толықметраж фильм | |
Балғын жеміс | Soft Fruit | Иә | Толықметраж фильм | |||
2003 | Құштарлықтың күңгірт тұсы | In the Cut | Иә | Иә | Толықметраж фильм | |
2006 | Су күнделігі | The Water Diary | Иә | Иә | «8» киноальманахына кіретін қысқаметраж фильм | |
Ұрлау: Мегуми Ёкотаның оқиғасы | Abduction: The Megumi Yokota Story | Иә | Документал фильм | |||
2007 | Қызыл қоңыз | The Lady Bug | Иә | Иә | «Әркімнің өз фильмі бар» киноальманахына кіретін қысқаметраж фильм | |
2009 | Жарық жұлдыз | Bright Star | Иә | Иә | Толықметраж фильм | |
2012 | Жалғыз | I’m the One | Иә | Қысқаметраж фильм | ||
2013, 2017 | Көл беткейі | Top of the Lake | Иә | Иә | Иә | Сериал |
2016 | Отбасы бақыты | Family Happiness | Иә | Қысқаметраж фильм | ||
2017 | Олар | They | Иә | Толықметраж фильм |
Сыншылар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Джейн Кэмпион карьерасын бастаған сәттен бастап, сыншылар оны жоғары бағалады. Дэвид Томпсон есімді сыншы В. У. Уэксманның «Джейн Кэмпион: Интервью» атты кітабының алғысөзінде «Кэмпион — әлемдегі ең үздік заманауи жас режиссерлердың бірі» деп жазды[27]. Ал Сью Джилеттің «Көз көрмейтін нәрсе: Джейн Кэмпионның «Қымбаттым» фильміндегі аффекттің әсері» мақаласында Кэмпионның режиссерлық стиліне «өмір тәжірибесінің шынайы екеніне сену үшін толық әрі сенімді әдісі» деп баға берді; сондай-ақ Кэмпион «аудиторияға айтылмаған және көрсетілмеген нәрселермен әсер ету арқылы көрермендердің сезімі мен эмоциясын катализдей алады» деді[28]. Кэмпион гендерлік саясат тақырыбына әуес; ол азғыру сипаты мен әйел сексуалдығының күшіне қызығады. Осындай тақырыптар көтергені әсерінен сыншылардың көбі Кэмпионның жұмыстарын феминистік деп бағалайды. Алайда Ребекка Флинн Маркс есімді сыншы «феминизм шеңбері Кэмпион шығармалары мен кейіпкерлерінің барлық нәзіктігі мен тереңдігін толық қамти алмайды» дейді[29].
Атақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Джейн Кэмпион 2016 жылы Жаңа Зеландияның Құрмет орденінінің ханымы атанды[30][31].
Әдебиеттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Cheshire, Ellen: Jane Campion. London: Pocket Essentials, 2000.
- Fox, Alistair: Jane Campion: Authorship and Personal Cinema. Bloomington-Indianapolis: Indiana University Press, 2011. ISBN 978-0-253-22301-2.
- Gillett, Sue: 'Views for Beyond the Mirror: The Films of Jane Campion.' St.Kilda: ATOM, 2004. ISBN 1 876467 14 2[32][33]
- Hester, Elizabeth J.: Jane Campion: A Selective Annotated Bibliography of Dissertations and Theses. ISBN 978-1484818381, ISBN 1484818385.
- Jones, Gail: 'The Piano.' Australian Screen Classics, Currency Press, 2007.
- Margolis, Harriet (ed): 'Jane Campion’s The Piano.' Cambridge University Press, 2000.
- McHugh, Kathleen: 'Jane Campion.'Urbana and Chicago: University of Illinois Press, 2007.
- Radner, Hilary, Alistair Fox and Irène Bessière (eds): 'Jane Campion: Cinema, Nation, Identity.'Detroit: Wayne State University Press,2009.
- Verhoeven, Deb: Jane Campion. London: Routledge, 2009.
- Wexman V.W.: Jane Campion: Interviews. Roundhouse Publishing. 1999.
Дереккөз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Fox. Jane Campion profile — 25-б.
- ↑ McHugh, Kathleen. Contemporary Film Directors: Jane Campion (ағ.). — United States of America: University of Illinois, Urbana, 2007
- ↑ FILM VIEW; Jane Campion Stirs Romance With Mystery, The New York Times (30 мамыр 1993).
- ↑ Fox. Jane Campion profile — 41-бет
- ↑ Mark Stiles, «Jane Campion», Cinema Papers, December 1985, pp. 434—435, 471
- ↑ Awards 1986 : Competition - Festival de Cannes 2015 (International Film Festival) . Festival-cannes.fr.
- ↑ Festival de Cannes: The Piano
- ↑ Top of the Lake. Rotten Tomatoes
- ↑ Top Of The Lake - Season 1 Reviews
- ↑ Jane Campion to Write, Direct Sundance Channel Miniseries Starring Elisabeth Moss
- ↑ Top of the Lake (2013– ) : Awards
- ↑ Nominees/Winners | Television Academy.
- ↑ A Palme d'or for the Cinéfondation!
- ↑ Jane Campion to preside over Cannes Film Festival jury
- ↑ Bear hugs at Cannes as Mommy wins jury prize
- ↑ Xavier Dolan and Jane Campion
- ↑ Gibson, Megan. Jane Campion in talks to direct the big-screen adaptation of "The Flamethrowers", Time (13 мая 2014).
- ↑ Khatchatourian, Maane. Jane Campion Near Deal to Direct Adaptation of 'The Flamethrowers', Variety (13 мая 2014).
- ↑ Shechet, Ellie. Season 2 of Top of the Lake Will Take Place in Sydney and Hong Kong, Jezebel (23 июня 2015)
- ↑ ‘Top of the Lake: China Girl’ Trailer Showcases Elisabeth Moss, Nicole Kidman
- ↑ When is Top of the Lake on BBC Two tonight, who does Nicole Kidman play, who else is in China Girl: The Battle of the Mothers?
- ↑ Rubin, Rebecca. SundanceTV Releases New Photos of ‘Top of the Lake: China Girl’ (ағ.), Variety (23 May 2017).
- ↑ Ben Travers. Top of the Lake Season 2 Trailer: Nicole Kidman in ‘China Girl’ — Watch (ағ.). IndieWire (11 May 2017).
- ↑ Ben Travers. Top of the Lake Season 2 Trailer: Nicole Kidman in ‘China Girl’ — Watch (ағ.). IndieWire (11 May 2017)
- ↑ Franke, Lizzie. Jane Campbell Is Called the Best Female Director in the World. What's Female Got to Do with It? // Jane Campion: Interview (неопр.) / Wexman, Virginia Wright. — University Press of Mississippi, 1999. — 207-бет.
- ↑ Alice Englert stars in Twilight successor
- ↑ V. W. Wexman. Jane Campion: Interviews. Roundhouse Publishing. 1999. ISBN 1-57806-083-4.
- ↑ More than Meets the Eye: The Mediation of Affects in Jane Campion's Sweetie • Senses of Cinema. Sensesofcinema.com.
- ↑ Jane Campion - Biography - Movies & TV - NYTimes.com. Movies.nytimes.com
- ↑ «New Year Honours 2016»
- ↑ Richie McCaw surpasses knighthood, appointed NZ's top honour Мұрағатталған 7 қаңтардың 2016 жылы.
- ↑ Views From Beyond the Mirror: The Films of Jane Campion by Sue Gillett • Senses of Cinema. Sensesofcinema.com
- ↑ The films of Jane Campion : views from beyond the mirror / Sue Gillett. - Version details
|
- Pages with image sizes containing extra px
- 30 сәуірде туғандар
- 1954 жылы туғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Веллингтонда туғандар
- Алфавит бойынша кинорежиссёрлер
- Жаңа Зеландия кинорежиссёрлері
- Алфавит бойынша сценарийшілер
- Жаңа Зеландия сценарийшілері
- Үздік режиссёр үшін Оскар сыйлығының иегерлері
- Үздік түпнұсқалық сценарий үшін Оскар сыйлығының иегерлері
- Алтын глобус сыйлығының иегерлері
- BAFTA марапаты иегерлері
- Алтын пальма бұтағы сыйлығының иегерлері (режиссёрлер)
- Тәуелсіз рух сыйлығының иегерлері
- Сезар сыйлығының иегерлері